Абай облысында оқушыларға 200-ден астам профилактикалық дәріс өткізілді
Абай облысында оқушылар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында 216 профилактикалық дәріс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактика жылы аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы білім беру ұйымдарында "Оқушылар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу" тақырыбында ауқымды профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткі заттарын қолдану, тасымалдау және таратумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауатты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Полицейлер оқушыларға есірткі құралдары мен психотроптық заттардың адам ағзасына зияны туралы кеңінен ақпарат беріп, ҚР Қылмыстық кодексінде көзделген жауапкершілік түрлерін нақты мысалдармен түсіндірді. Дәрістер ашық диалог форматында өтті. Оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдары өкілдерінен нақты әрі пайдалы жауаптар алды.
Сондай-ақ жастарға қиын жағдайларда өздерін қалай қорғау, зиянды әдеттерден аулақ болу және өмірлік маңызды шешімдерді саналы түрде қабылдау жолдары жөнінде кеңестер берілді. Жалпы, облыс аумағындағы білім беру мекемелерінде 216 профилактикалық дәріс ұйымдастырылды. Бұл шаралар – полицияның жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысының маңызды бір бөлігі.