Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да полицейлер су ресурстарын қорғау және экологиялық қауіпсіздік шараларын күшейтуде

БҚО полиция департаментінде су ресурстарын қорғау және “Таза Қазақстан” акциясы аясындағы шаралар талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде табиғатты қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті арттыру мәселелеріне арналған жедел кеңес өтті. Іс-шара республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Кеңеске жергілікті полиция қызметі басқармасының, БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының, "Жайық-Каспий" бассейндік инспекциясының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, экология департаментінің, облыстық балық инспекциясының, сондай-ақ Орал қалалық полиция басқармасының өкілдері қатысты.

ҚР Су кодексінің талаптарының сақталуын бақылау және заңсыз су пайдалану фактілерін анықтау мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 19 құқық бұзушылық тіркеліп, 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынғаны айтылды.

Кеңес барысында су пайдаланушылар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар мен олардың себептері, сондай-ақ су объектілерін қорғау және тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар су ресурстарын ұқыпты пайдалану, ластанудың алдын алу, мониторинг пен бақылау шараларын күшейту жолдары қарастырылды.

Қатысушылар экологиялық ахуалды жақсарту және табиғатты қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік және ведомстволық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, “Таза Қазақстан” акциясы аясында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су заңнамасының сақталуын бақылау бағытында бірлескен шараларды жүзеге асыру жоспарланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру