Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да көлігіне стандартқа сай емес жарық шамдарын орнатқан жүргізуші тоқтатылды

БҚО ауылында көлігіне стандартқа сай емес жарық шамдарын орнатқан жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желіде 07 өңірлік мемлекеттік нөмірі бар Toyota Camry автокөлігіне стандартқа сай емес, жарқ-жұрқ ететін жарық шамдарын орнатып, оларды жолда қосып-өшіріп жүрген бейнежазба жарияланған.

Бейнежазба полиция қызметкерлерінің назарына іліккен. Мұндай жарық көздері, әсіресе түнгі уақытта, қарсы бағытта келе жатқан жүргізушілердің көзіне шағылысып, жолдағы жағдайды бағалауына кедергі келтіруі мүмкін. Жол-көлік оқиғасына әкеп соғу қаупі де бар.

Жалпақтал полиция бөлімінің қызметкерлері бейнежазбадағы ауылдың көшесі екенін танып, көлікті дереу тауып, жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Көлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.

Осылайша, полиция стандартқа сай емес жарық шамдарын қондырып алу салдарынан туындауы мүмкін қауіпті жағдайдың алдын алды.

Полиция жүргізушілерге көлік құралдарына стандартқа сәйкес келмейтін жарық шамдарын орнатуға болмайтынын ескертеді. Мұндай өзгерістер көлік жүргізушісінің өзіне ғана емес, басқа да қатысушыларға қауіп төндіруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру