Көкшетауда абаттандыру бойынша бірлескен рейдтер жүргізілуде
Көкшетауда абаттандыру бойынша бірлескен рейдтер жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында "Таза Қазақстан" акциясы өз жалғасын табуда. Аталған экологиялық бастама аясында полиция қызметкерлері әкімдік пен қоғам өкілдерімен бірлесіп, тәртіп пен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.
15 қазанда Ақмола облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері, Көкшетау қаласы әкімдігінің мамандары және қоғам қайраткері Ә. Қапез Застанционный кентіндегі жеке тұрғын үйлердің аулаларын аралап, санитарлық жағдайды тексерді.
Рейд нәтижесінде табиғи полигондардың пайда болуы мен тұрмыстық қалдықтардың жиналуы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың да жауапкершілігін қажет ететін өзекті мәселелердің бірі екені анықталды.
Акция барысында қатысушылар азаматтарға абаттандыру ережелерін сақтау мен қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар іргелес аумақтардың тазалығы мен абаттандырылу деңгейі назардан тыс қалмады.
Полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын — ескерту не айыппұл салынуы мүмкін екенін еске салды.
Жыл басынан бері өңірде абаттандыру талаптарын бұзудың 9 мыңнан астам дерегі тіркелген. Тәртіпті нығайтып, аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында полицейлер түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, бұзушылықтарды жою туралы ескертулер мен ұйғарымдар беруде.