Ақмола облысында ҚАЖД қызметкерлері қаржылық қауіпсіздік жөніндегі республикалық онлайн-диктантқа қатысты
Ақмола облысы ҚАЖ департаментінің қызметкерлері қаржылық қауіпсіздік жөніндегі республикалық онлайн-диктантқа қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері қаржылық қауіпсіздік тақырыбындағы республикалық онлайн-диктантқа белсене қатысты. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұл бастамаға департамент қызметкерлері зор қызығушылық танытып, қолдау білдірді.
Қаржылық қауіпсіздік саласындағы білім деңгейін арттыру азаматтарға қаржылық операциялар кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді жақсырақ түсінуге және алаяқтық әрекеттерден қорғанудың тиімді тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тақырып бүгінде ерекше өзекті, себебі интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері күн сайын көбейіп келеді.
— Бұл жай ғана тест емес, өзіміздің қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімімізді тексеруге мүмкіндік беретін сын болды. Қазіргі таңда қаржы ағымдары қарқынды, ал алаяқтар айлакер заманында қаржылық сауатты болу — сән емес, қажеттілік, — деді департамент бастығының орынбасары Мерген Аргумбаев.
— Әрбір дұрыс жауап — бұл тек алаяқтармен ғана емес, өз білімсіздігімізбен күрестегі шағын жеңіс. Бұл жеке әрі кәсіби тұрғыда сенімді болашаққа жасалған қадам, — деп пікірін білдірді жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Светлана Калиева.
Онлайн-диктант департамент қызметкерлері үшін тек білімін сынау алаңы ғана емес, сонымен қатар қаржы әлеміне жаңа көзқараспен қарауға, өзін ықтимал қауіптерден қорғау қабілетін арттыруға және жеке даму мен кәсіби жетілуге жол ашқан маңызды шара болды.