СҚО-да полицейлер студенттерге заң талаптарын түсіндіруде
СҚО-да полицейлер студенттерге заң талаптарын түсіндіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер колледж жатақханаларында тұратын бірінші курс студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізіп келеді. Олар жастарға жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заң талаптарын түсіндіруде.
Мысалы, кейбір жасөспірімдер әлі күнге дейін кез келген жанжалды жұдырық арқылы шешудің ауыр зардаптарға әкелетінін білмейді. Соққы жасау және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру сияқты әрекеттер Қылмыстық кодекске енгізілген. Сондай-ақ буллинг пен сталкинг — яғни мазақ ету мен қудалау үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бұдан бөлек, полицейлер студенттерге есірткі сату мен интернет-алаяқтардың ақша аудару тізбектеріне қатысу сияқты құқыққа қайшы әрекеттердің қауіпті екенін ескертеді. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай оңай табыс көзін іздеу де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Статистикаға сәйкес, 16-17 жастағы студенттер негізгі тәуекел тобына жатады. Биыл облыс бойынша кәмелетке толмағандар 20 қылмыс жасап, 25 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 22-сі — дәл осы жас санатындағы жастар, оның жартысы колледж студенттері.
Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 41% төмендеген. Полиция қызметкерлері өңірдегі барлық оқу орындарының жатақханаларында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.