Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полиция қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылды

Жетісу облысында полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметі мен ерлігін арқау еткен фотокөрме ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның мақсаты – құқық қорғау саласының өкілдеріне деген құрметті арттыру, олардың жұмысының маңыздылығын көпшілікке кеңінен таныту.

Фотокөрмеде ұсынылған әрбір сурет – полиция қызметінің нақты сәтін, азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы жанқиярлықты бейнелейтін оқиға. Бұл фотокөрме арқылы тек кадрлар ғана емес, қызметкерлердің шынайы эмоциясы мен сезімдері көрініс тапты.

Іс-шараға әртүрлі жастағы келушілер қатысты. Атап айтқанда, мектеп оқушылары, "Жас сақшы" қозғалысының кадеттері, сондай-ақ блогерлер мен өнер сүйер қауым өкілдері көрмені тамашалады. Қонақтар полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысып, құқық қорғау саласына қатысты жан-жақты ақпарат алды.

Көрменің аясында Ұлттық ұлан оркестрі мерекелік көңіл-күй сыйлап, қызметтік иттердің көрсетілімі мен арнайы жасақтың қару-жарақ таныстырылымы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар криминалистердің жұмыс процесі көрсетіліп, қылмыстық істерді ашуда қолданылатын әдіс-тәсілдер түсіндірілді.

Шара барысында есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесінің ақпараттық алаңы жұмыс істеді. Мұнда келушілерге салауатты өмір салты мен есірткіге қарсы күрестің маңызы жөнінде ақпарат берілді.

Кішкентай қонақтар үшін арнайы ойын аймақтары ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар мен тәттілер таратылды. Ал ересек келушілер полиция қызметкерлерінің еңбегіне деген ризашылық пен құрмет сезімін білдірді.

Фотокөрме полиция қызметі мен өнердің тоғысын көрсете отырып, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру