Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан ІІМ ТМД елдеріндегі әріптестеріне цифрлық шешімдерді таныстырды

Астанада ТМД елдерінің Ішкі істер министрліктерінің цифрландыру саласына жауапты өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шараға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан делегациялары қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Делегациялар ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовпен де кездесті.

Іс-шара барысында ІІМ жүйесінде жүзеге асырылып жатқан негізгі цифрлық жобалар таныстырылды. Көрсетілген шешімдердің қатарында қауіпті жүргізушілерді анықтауға арналған "Қорғау" бағдарламасы, жол-көлік жағдайын талдау және болжауға арналған интеллектуалды "TOR" жүйесі, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысында қолданылатын инновациялық смартжетондар және басқа да жобалар бар.

Министр Ержан Саденов қылмыспен күресте ТМД елдері арасында белсенді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

- Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер бізден жаңа тәсілдерді талап етеді. Тәжірибе алмасу мен цифрлық шешімдерді енгізу - қылмыстың алдын алу мен оларды ашудағы негізгі құралдар, - деп атап өтті ІІМ басшысы.

Қонақтар қазақстандық полицияның цифрландыру деңгейін жоғары бағалап, әрі қарайғы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға қызығушылықтарын білдірді.

- Қазақстан тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады. Мұндай жүйелерді енгізу - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлкен қадам, - деді кездесуге қатысушылар.

Ресми таныстырылым қарсаңында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында ішкі істер органдарының цифрлық трансформациясының келешегі, тәжірибе алмасу және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру