Көлік полицейлері жедел-қызметтің қорытындыларын шығарды
Көлік полицейлері жедел-қызметтің қорытындыларын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көлік полицейлерінің жедел-қызметінің қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттары айқындалған кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжіліске департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің бастықтары, сондай-ақ онлайн форматта қосылған аумақтық бөліністердің басшылары қатысты.
Жиынды ашқан көліктегі ПД-ның бастығы ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында ішкі істер министрі қойған негізгі міндеттерді жеке құрамға жеткізді. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу іс-шараларын күшейту, есірткі қылмыстарына, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, көші-қон бақылауын арттыру және көлік инфрақұрылымы нысандарында тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бар.
Ең алдымен, бұл – "Заң және Тәртіп" қағидаты мен кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" саясатын нығайту, сондай-ақ әуе және теміржол көлігі нысандарында қылмыстардың алдын алу мен оларға қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру, — деді көліктегі ПД бастығы.
Осы кезең бойы қызмет көрсету аумағында 960 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Қылмыстардың ашылу деңгейі 78,7%-ды құрады. Жалпы, көліктегі қылмыстардың 41%-ы өзгенің мүлкін ұрлаумен байланысты, бүгінгі күні олардың саны 37,3%-ға азайған. Есірткі қылмыстарына қатысты 288 құқық бұзушылық анықталып, олардың ашылу деңгейі 98,4%-ды құрады. Заңсыз айналымнан 715 келі жуық есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде синтетикалық есірткі - 115 келі.
Бұған қоса, 70 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3619 азамат жауапкершілікке тартылып, олардың 852-сі ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ басқосуда департаменттің жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері де кеңінен қаралды.
Жиынды қорытындылаған бас көлік полицейі, жеке құрамның алдағы кезеңдегі басты міндеттері – көліктегі қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету екенін жеткізді.