Полицейлер Талдықорған мектептерінде оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді
Талдықорған қаласындағы музыкалық мектеп пен №21 орта мектепте Жетісу облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесулер өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, буллинг пен қорқытып алудың алдын алу, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында полицейлер оқушыларға бір-біріне құрметпен қараудың, өзара түсіністік пен қолдау көрсетудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қысым көрген немесе зорлық-зомбылықтың куәсі болған жағдайда үнсіз қалмауға, ересектер мен құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
Әңгіме барысында әрбір адамның іс-әрекеті үшін жауапты екені, ойланбай жасалған әрекеттердің болашаққа әсер етуі мүмкіндігі ерекше атап өтілді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай кездесулер мектептерде сенімге, өзара құрмет пен көмекке негізделген салауатты ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Әрбір баланың қауіпсіз ортада білім алу және қолдау табу құқығы бар екені де назардан тыс қалған жоқ.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Полиция қызметкерлері оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға, қоғамға құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.