Павлодар облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын өткізді
Павлодар облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу өңірінде тәртіп сақшылары өскелең ұрпақтың жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы көзқарасын қалыптастыру мақсатында мектептерде профилактикалық дәрістер өткізуді жалғастыруда.
Бұл дәрістердің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оқушыларды түрлі өмірлік жағдайда қауіпсіз мінез-құлық ережелеріне үйрету және құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Сабақтар барысында полицейлер оқушыларға қарапайым әрі түсінікті түрде келесі тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді:
жаяу жүргіншілер мен велосипед мінушілерге арналған жол қозғалысы ережелері;
бейтаныс адамдармен байланыс орнатудың қауіптілігі;
кибербуллинг, алаяқтық немесе қорқыту жағдайларындағы дұрыс әрекет ету жолдары;
тыйым салынған заттарды алып жүрудің заңға қайшылығы және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбековтың айтуынша, мұндай дәрістер балалардың өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, жасөспірімдер мен құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы өзара сенімді нығайтуға, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен жанжалдардың алдын алуға ықпал етеді.
– Қауіпсіздік санадан басталады, ал алдын алу – дұрыс тәрбиеден бастау алады. Инспекторлардың оқушылармен тұрақты кездесулері олардың заңға бағынатын, ұқыпты әрі жауапты азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді, – деді ол.
Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ.