Астанада полицейлер бірнеше мүліктік және алаяқтық қылмыстарды әшкереледі
Астанада полицейлер бірнеше мүліктік және алаяқтық қылмыстарды әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде бірнеше ұрлық пен алаяқтық деректерін ашып, күдіктілерді ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 24 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол 48 сағат ішінде үш бірдей ұрлық қылмысын жасаған. Алғашқы рет Сұлутал көшесінде монша кешенінің маңында тұрған Audi автокөлігінен еркін қол жеткізу арқылы екі Samsung ұялы телефонды (жалпы құны 100 мың теңге шамасында) ұрлаған.
Бұдан кейін тұрғын үй ауласында тұрған Mercedes автокөлігінің ашық есігін пайдаланып, ақша қаражатын қолды еткен.
Келесі күні күдікті Ақан сері көшесіндегі азық-түлік дүкеніне кіріп, есігін сындырып, кассадағы 50 мың теңгені ұрлап кеткен.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция автокөлік иелеріне ұрлықтың алдын алу мақсатында көліктердің есік-терезесін міндетті түрде жабуды, дабыл қондырғысын орнатуды және мүмкіндігінше бейнебақылауы бар тұрақтарды пайдалануды ұсынады.
Сондай-ақ елордада полицейлер бірнеше рет алаяқтық жасаған 29 жастағы азаматты қолға түсірді. Алдын ала деректерге сәйкес, ол түрлі сауда нүктелерін аралап, өзін кондиционер жөндеу қызметінің өкілі ретінде таныстырған. Сенім ұялату үшін құрал-саймандар алып жүрген және қызметкерлермен еркін әңгімелескен.
Сенімге кіргеннен кейін, ақша ұсақтап беруді сұрап, қолына түскен қаржымен "көліктен ақша әкелемін" деп сылтау айтып, оқиға орнынан кетіп қалған. Ұрланған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Тергеу барысында оның осындай 18 алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Күдікті танысының пәтерінде жедел әрекет нәтижесінде ұсталды.
Полиция тұрғындар мен кәсіпкерлерге ақшаға қатысты мәмілелер кезінде сақ болуды, бейтаныс адамдардың сөзіне сене салмауды ескертеді.