Шымкентте заңсыз қайта жабдықталған көліктерге рейд жүргізілді
Шымкентте заңсыз қайта жабдықталған көліктерге рейд жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер шу шығару жүйелері орнатылған автокөліктерді анықтау бойынша шараларды жүргізуде. Мұндай құрылғылар дыбыс деңгейін едәуір арттырып, тұрғындардың тыныштығын бұзады және толыққанды демалуға кедергі келтіреді.
Тек өткен түні ғана жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында құрылымына заңсыз өзгеріс енгізілген BMW, Mercedes-Benz және Chevrolet маркалы 9 автокөлікті анықталды. Түнгі уақытта шамадан тыс шу шығарып, тұрғын аудандардың тыныштығын бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, көліктер айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар артық шу жол үстінде де қосымша қауіп тудырады: жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер маңызды дыбыстық белгілерді дер кезінде естімей қалуы мүмкін, бұл жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.
Рұқсатсыз қайта жабдықталған автокөліктер көбіне техникалық талаптарға сай келмейді және жасырын ақаулар салдарынан жол қозғалысына қауіп төндіреді.
Айта кетейік, қала бойынша жыл басынан бері көлігін заңсыз қайта жабдықтаған 5 мың тұлға жауапкершілікке тартылған.