Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Егемендік шежіресі" атты фотокөрме өтті
Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Егемендік шежіресі" атты фотокөрме өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мұражайында Қазақстан Республикасы күніне орай "Егемендік шежіресі" атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің қалыптасу және даму кезеңдерін бейнелеу, тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктерін көрсету, сондай-ақ ішкі істер органдарының құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындау болды.
Көрмеге ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы мен өңірдің даму кезеңдерін сипаттайтын сирек кездесетін фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар және тарихи кітаптар қойылды. Қонақтарға қазақстандық полиция қызметінің даму жолы, алғашқы қызметкерлердің еңбегі мен ерліктері туралы кеңінен баяндалды.
Жиын барысында ішкі істер органдарының ардагерлері сөз сөйлеп, қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Олар ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен жетістіктер жайында, сондай-ақ соңғы онжылдықтардағы оң өзгерістер туралы әңгімеледі.
Департамент басшылығы ардагерлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан зор үлестері және жас қызметкерлерді отансүйгіштік пен адалдық рухында тәрбиелеуге сіңірген еңбектері үшін алғыс білдірді.
Іс-шара соңында қатысушылар мұражай экспозициясымен танысып, ішкі істер органдарының тарихы мен дәстүрін айғақтайтын бірегей фотосуреттер мен мұрағаттық материалдарды тамашалады.