Қарағандыда Республика күні қарсаңында "Капитан Байтасов" фильмінің көрсетілімі өтті
Қарағандыда Республика күні қарсаңында "Капитан Байтасов" фильмінің көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыдағы "Сарыжайлау" кинотеатрында Республика күні қарсаңында полиция қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлығын дәріптейтін "Капитан Байтасов" көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Фильмнің негізінде – 2011 жылы Тараз қаласында ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың батырлығы жатыр. Қолындағы гранатамен лаңкестің жолын кесіп, көптеген адамның өмірін сақтап қалған офицердің ерлігі – нағыз отансүйгіштіктің және азаматтық борышқа адалдықтың айғағы.
– Ғазиз Байтасов – ел тарихында мәңгілік есімі қалған қаһарман. Оның ерлігі – шынайы патриотизм мен қайсарлықтың символы. Бүгін біз көрген "Капитан Байтасов" фильмі полиция қызметінің ауыр да абыройлы міндетін кеңінен ашып көрсетеді. Бұл туынды арқылы біз өскелең ұрпаққа ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігін үлгі етеміз, – деді полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының аға инспекторы Қуаныш Медеубаев.
Алдағы уақытта аталмыш фильмді "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушыларына көрсету жоспарланды.
