Атырауда студенттер арасында жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бағытында республикалық конкурс өтті
Атырауда студенттер арасында жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бағытында республикалық конкурс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Қаржы және есеп" кафедрасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы мен Ұлттық Банктің Антифрод орталығының қолдауымен студенттік жобалар мен зерттеулердің республикалық конкурсының І кезеңі өтті.

Байқаудың басты мақсаты – қаржы және банк секторының дамуына серпін беретін инновациялық жобаларды анықтау мен қолдау, студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру және олардың цифрлық сауаттылығын дамыту болды.

Қатысушылар ұсынған жобалар қаржы және инвестиция, криптоиндустрия, финтех және жасанды интеллект салаларындағы өзекті шешімдерді қамтыды.
Қазылар алқасының құрамына қаржы, банк ісі, киберқауіпсіздік және деректер талдауы саласындағы тәжірибелі мамандар кірді.

Олардың қатарында Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Айбек Тлешов те бар. Ол студенттердің финтех, жасанды интеллект және цифрлық қауіпсіздік бағытындағы жобаларына сараптамалық баға беріп, киберқылмыстардың алдын алу тәжірибесімен бөлісті.
Айбек Тлешовтың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, киберқауіпсіз қоғам құруға ықпал етеді.
Конкурс нәтижесінде І орын — «"Qamqor OS – Қазақстандағы RegTech және FinTech трансформациясының жаңа кезеңі" жобасына берілді.
ІІ орынды — "MindFort" ақылды қамал және "AI Personal Finance Planner" жобалары иеленді.
ІІІ орын — «"AI негізіндегі жеке тұлғалардың қаржылық талдау және жоспарлау жүйесі" мен "Қазақстан банк секторындағы цифрлық клиенттік тәжірибені оптимизациялауда нейромаркетингті қолдану" жобаларына бұйырды.

Бұл байқау студенттердің инновациялық әлеуетін ашуға, қаржы саласындағы жаңа идеялардың дамуына және жастардың цифрлық әрі қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.
