Маңғыстауда пробация қызметі сотталғандарға жаңа өмір бастауға жол ашты
Маңғыстауда пробация қызметі сотталғандарға жаңа өмір бастауға жол ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметкерлері сотталған азаматтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, олардың тарапынан қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға күш салуда. Қызметтің басты мақсаты – тек бақылау орнату емес, жазасын өтеп жүрген азаматтарға қоғамға бейімделіп, жаңа өмір бастауына қолдау көрсету.
Сот үкімі шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға тартылған тұлғалар пробация қызметінің есебіне алынады. Инспекторлар оларға жаза өтеу тәртібін түсіндіріп, құқықтық кеңес береді және тұрақты профилактикалық әңгімелер өткізеді.
Пробация қызметкерлерінің жолдамасы негізінде сотталғандар жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Онда оларға нақты жұмыс орны бекітіліп, қоғамдық еңбектің түрі анықталады. Бұл, негізінен аумақтарды тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және коммуналдық қызметтерге көмек көрсету сияқты қоғамдық маңызы бар жұмыстарды қамтиды.
Мысалы 28 жастағы Алексей есімді тұрғын ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша – есірткі заттарын сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін сот үкімімен 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Бүгінде ол коммуналдық мекемеде қала көшелерін тазалау және абаттандыру ісіне белсенді атсалысып жүр.
- Мен қателік жасадым. Маған темір тордың ар жағында емес, еңбек арқылы түзелуге мүмкіндік берілді. Енді өмірде жеңіл жол болмайтынын түсіндім. Шынайы нәтиже тек адал еңбектен туады, – дейді Алексей.
Алайда инспекторлардың айтуынша, мұндай мүмкіндікті бәрі бірдей жауапкершілікпен пайдалана бермейді. Жақында қоғамдық жұмыстардан әдейі жалтарған бір сотталғанның жазасы сот шешімімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Бұл жағдай пробация жүйесінің әр азаматқа мүмкіндік беретінін, бірақ оны тиімді пайдалану өз еркі мен ниетіне байланысты екенін көрсетеді.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметін басқару бөлімінің бастығы, әділет майоры Берік Бабаев бұл жұмыстың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды:
- Еңбек – адамның жауапкершілігі мен тәртібін қалыптастырып, қоғамға деген құрметін арттырады. Жыл басынан бері өңірде 317 сотталған қоғамдық жұмыстарын орындады, 42 адам рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды. Қазіргі таңда 66 сотталған қоғамдық еңбекпен айналысып жүр. Ал өз міндетінен жалтарғандар заң бойынша жауапқа тартылады. Біздің мақсат – тек бақылау емес, әр адамға өз өмірін өзгертуге мүмкіндік беру, – деді ол.
Бүгінде пробация қызметі тек жазаны орындау органы ғана емес, адамға жаңа өмір бастауға жол ашатын әлеуметтік институт ретінде қалыптасып келеді. Осындай қолдау мен тәрбиелік шаралардың арқасында көптеген азаматтар қателігін түзеп, қоғамға қайта оралып, өз еңбегімен ел игілігіне үлес қосуда.
