Қоғам тыныштығы жолында адал қызмет етіп жүрген ҚАЖД қызметкері
Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету – тек тәртіп пен батылдықтың емес, сонымен қатар төзім мен үлкен жүректің ісі. Бұл салада еңбек ету – адам тағдырына араша түсіп, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің сақшысы болу деген сөз. Осындай абыройлы міндетті адал атқарып жүрген жандардың бірі – Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті штаб кезекші қызметінің аға инспекторы Жәнібек Бектенов. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жәнібек Бектенов 2006 жылы медицина колледжін тәмамдап, фельдшер мамандығын алған соң еңбек жолын №172/6 мекемесінде бастаған. Жас маман ретінде ол сотталған азаматтардың денсаулығын бақылап, алғашқы медициналық көмек көрсету міндетін атқарды. Бұл оның өмірлік жолындағы алғашқы үлкен сын әрі адам жанының қадірін түсінуге бастар маңызды тәжірибе болды.
— Медицина адамды сабыр мен қамқорлыққа, төзім мен адамгершілікке үйретеді. Бұл қасиеттер кейінгі қызметімде де үлкен көмек болды, — дейді ол өткен жылдарға көз жүгіртіп.
2014 жылы Жәнібек кәсіби жолында жаңа белеске көтеріліп, мекеме бастығының кезекші көмекшісінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 2023 жылдан бастап Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Штаб кезекші бөлімінде аға инспектор-кезекші лауазымында еңбек етіп келеді.
Ол үшін қызмет – жай ғана жұмыс емес, бұл – күн сайынғы жауапкершілік пен ел алдындағы парыз.
Қызмет барысында әділет майоры бірнеше рет ҚР Ішкі істер министрлігінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, сондай-ақ департамент басшылығының марапаттарына ие болған. Бұл марапаттар – оның табандылығы мен адалдығының, кәсіби шеберлігінің айғағы. Әріптестері оны сабырлы, салмақты, шешім қабылдауда нақты тұлға ретінде ерекше құрметтейді.
Қызметтен тыс уақытта Жәнібек спортпен айналысқанды ұнатады. Бала кезінен футболға әуес ол бүгінде әріптестерімен бірге ҚАЖД құрамасында ойнап, спорт арқылы сергектік пен командалық рухты сақтап келеді. Сондай-ақ оның сүйікті хоббиі – балық аулау.
— Балық аулау – мен үшін ойды тазартып, тыныштық табудың ең жақсы тәсілі, — дейді ол күлімсіреп.
Көбіне ұлдарымен бірге демалыс күндері Каспий теңізінің жағасында табиғат аясында уақыт өткізуді әдетке айналдырған. Бұл сәттер – оның отбасылық өміріндегі ең қымбат естеліктердің бірі.
Отбасында Жәнібек – мейірімді жар, қамқор әке. Төрт баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларды адалдық пен еңбексүйгіштікке баулиды.
— Қызмет пен отбасы – өмірдің екі қанаты. Бірі жауапкершілік үйретсе, екіншісі – мейірім мен жылулық береді, — дейді әділет майоры.
Жәнібек Бектенов – өз ісіне адал, сабырлы мінезі мен адамгершілік қасиеті қатар өрілген азамат. Оның өмірлік ұстанымы – "Адал еңбек – абыройдың бастауы". Осындай жандардың арқасында қоғамда сенім мен тыныштық, тәртіп пен әділеттілік орнайды.
