Павлодар тұрғындары "Заң мен тәртіп" қосымшасын белсенді пайдалануда
Павлодар тұрғындары "Заң мен тәртіп" қосымшасын белсенді пайдалануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы хабарлау үшін "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисін белсенді пайдаланып келеді. Қызмет іске қосылған сәттен бастап оны 717 азамат қолданған. Барлық өтініштердің ішінде 314-і омниканалдық мобильді қосымша арқылы, 241-і "Egov Mobile" арқылы, ал 144-і Kaspi.kz қосымшасы арқылы түскен.
Полицияға омниканалдық жүйе арқылы павлодарлықтар жол ережесін бұзған жүргізушілердің бейнежазбалары мен хабарламаларын жіберген. Яғни қарсы бағытқа шығу, қара пленкамен жабылған терезелермен жүру, стоп-сызықтан өтіп кету, сондай-ақ көршілердің шығаберісті бөгеп тастаған жағдайлары туралы хабарлаған. "Egov Mobile" қосымшасы арқылы қараусыз тастап кеткен Nissan көлігі туралы хабарлама түскен. Барлық факт бойынша құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетсек, "Заң және тәртіп" цифрлық сервисі ҚР ІІМ тарапынан 23 маусым күні іске қосылған. Оның көмегімен азаматтар Egov Mobile және біріктірілген банк қосымшалары арқылы құқық бұзушылықтар туралы тікелей хабарлай алады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін мәтіндік немесе бейне өтінішті жылдам әрі оңай жолдауға мүмкіндік беретін жеке таңбаша жасалған.
– Оқиғалар туралы сигналдар жедел түрде түсіп, полиция ақпарат алынған сәттен бастап дереу әрекет етеді. Қызмет тәулік бойы бүкіл ел аумағында қолжетімді және Мемлекет басшысының "Заң және тәртіп" бастамасы аясында ІІМ жұмысының цифрландыру процесінің бір бөлігіне айналды, – деді Павлодар облысы ПД жедел басқару орталығының бастығы Гомар Шәбиденов.
Ведомство өкілдері атап өткендей, жобаның мақсаты – азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара әрекеттестікті барынша жылдам әрі ыңғайлы ету және әрбір азамат үшін қолжетімді қылу.
 
						
 
											