Шымкентте Ұлттық ұлан офицерлерінің оқу-тәжірибелік жиыны өтті
Шымкентте құқықтық тәртіп әскері бөлімдерін тылдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде өңірлік қолбасшылықтар командирлерінің тыл жөніндегі орынбасарлары, қаржы басқармаларының бастықтары және Ұлттық ұлан академиясының өкілдері қатысқан үш күндік оқу-тәжірибелік жиын өтті. Іс-шара Бас қолбасшылықтың бюджет және қаржы басқармасының бастығы Дәулет Ахметов пен тыл басқармасы бастығы Тахир Исламовтың жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Жиынның мақсаты – офицерлердің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ тылдық және қаржылық қамтамасыз ету жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу. Жиында цифрландыру мәселесіне басымдық берілді.

Атап айтқанда, электронды құжат айналымын жолға қою, есептің автоматтандырылған жүйелерін енгізу, материалдық ресурстарды басқару мен шығындарды бақылауда ақпараттық технологияларды қолдану.
Тахир Исламовтың айтуынша, цифрлық құралдарға көшу жабдықтау мен есептілік процестерін анағұрлым ашық әрі тиімді етеді. Сонымен қатар офицерлер бюджетті қалыптастыру, қызметтік-жауынгерлік дайындықты қаржыландыру, нысандар құрылысына бақылау жасау және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын электронды форматқа көшіру тетіктері де қарастырылып, бұл бағыт жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жиын қорытындысын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Ербол Құмарбекұлы шығарып, ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін және ресурстарды басқарудың тиімділігін күшейту мен әскери даярлықты арттыруда цифрлық трансформацияның маңызы зор екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар тылдық және қаржылық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге, кадрлық құрамның кәсіби шеберлігін арттыруға және әскердің жауынгерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
						