Павлодарда "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қару иелері тексерілді
Павлодарда "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 8 мыңнан астам азаматтық қару иесі тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында полицейлер қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша кең көлемді рейдтік іс-шаралар өткізді. Тексеру барысында 8 мыңнан астам азаматтық қару иесі қаралды.
Нәтижесінде 61 тұрғын қаруды тіркеу тәртібін және оны сақтау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 73 тіркелмеген қару тәркіленді.
Мәселен, Ақсу қаласына қарасты Береке ауылында жергілікті тұрғыннан зауыттық нөмірі мен маркасы жоқ, тіркелмеген мылтық тәркіленіп, баллистикалық сараптамаға жіберілді. Тағы бір жағдайда Ақсу қаласының тұрғыны қаруды сақтау тәртібін бұзған – оның қару сақтауға арналған сейфінің ішінде бөгде заттар болған. Барлық құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Полиция өкілдері азаматтарға қару мен оған арналған оқ-дәрілерді сақтау ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Қару қалыңдығы кемінде 3 миллиметр болатын, есігінде ішкі құлпы бар, еденге немесе қабырғаға берік бекітілген металл сейфтерде сақталуы тиіс.
Қару мен оқ-дәрілерді тұрғын үйдің қабырғасына ілуге тыйым салынады. Сондай-ақ қару сақталатын сейфті немесе бөлмені дабыл жүйесімен жабдықтауға рұқсат етіледі. Егер иесі ұзақ уақытқа үйден кетсе, қаруды уақытша сақтау үшін ішкі істер органдарына тапсыру қажет.
Еске сала кетейік, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарынан іс-шараға түсіністікпен қарауды және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша бірлесіп әрекет етуді сұрайды.
