Астанада көліктің дөңгелектерін ұрлаған күдікті ұсталды
Астанада көліктің дөңгелегін ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында полицейлер гараж аумағында ұрлық жасады деген күдікпен 36 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта құлыпты бұзып, гаражға заңсыз кірген. Гараждан сегіз көлік дөңгелегін ұрлап кеткен.
Ұрланған мүлікті көлігіне тиеп, оны көлік бөлшектерін сататын орын арқылы сатпақ болған. Келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы шамамен 700 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр.
Полиция азаматтарға жеке мүлкін қорғау шараларын қабылдауды, сондай-ақ гараждар мен аулаларға бейнебақылау және дабыл жүйелерін орнатуды ескертеді.
