Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіздік – бәрінен қымбат: Алматыда полиция жолда сақ болуға шақырады

Полиция алматылық жүргізушілерді сақтық шараларын сақтауға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаттарының басым бөлігі жүргізушілердің қашықтықты сақтамауы, жылдамдықты дұрыс таңдамауы және зейінсіздігі салдарынан болады.

Алматы қаласында түнгі уақытта, яғни сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта 17 жол-көлік оқиғасы болды. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ, алайда 6 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды.

– Алғашқы қардың жаууы әрдайым жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін сынақ кезеңі болып табылады. Бұл уақытта жолдың беті тайғақ болып, тежеу қашықтығы ұлғаяды. Соған қарамастан, көптеген жүргізушілер ауа райы мен жол жағдайын ескерместен бұрынғы әдеттегі жылдамдықпен қозғалады. Барша тұрғындарды сақтыққа шақырамыз: жылдамдықты төмендетіп, кенеттен маневр жасаудан аулақ болыңыздар. Жол қауіпсіздігі – әрбір адамның жауапкершілігі, – деді Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Сонымен қатар департамент өкілдері суық мезгілдің басталуына байланысты автокөліктерді қысқы маусымға алдын ала дайындау қажеттігін ескертеді. Көлік жүйелерінің жұмысын тексеріп, жазғы дөңгелектерді қысқыға уақтылы ауыстырудың маңызы зор.

Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге де қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады: жолдан тек рұқсат етілген жерлерден өтіп, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану маңызды

Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды өзара құрмет пен жауапкершілік танытып, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру