Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оңтүстіктегі алғашқы әйел басшы: Меруерт Әбдіқадырқызының еңбек жолы

Оңтүстік өңірінде ең алғашқы басшы лауазымын алған офицер әйелдің еңбек жолы жайында Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

2022 жылы тамыз айында Түркістан облысы полиция департаментінің басшылық құрамы өзгерді. Түркістан облысының тарихында алғаш департамент бастығының орынбасары лауазымына әйел кісі тағайындалды.

– Ішкі істер органындағы қызметім ең кіші баспалдақтан басталған. Оңтүстік өңірде тарихта маған дейін осындай лауазымды иеленген әйел болмапты. Бұл үлкен қуаныш, мәртебе, – дейді бүгінгі кейіпкеріміз.

Бүгінде полиция подполковнигі шенін алған Меруерт Әбдіқадырқызы басшылық сеніп тапсырған лауазымды абыроймен атқарып, адал еңбегімен танылған білікті басшы.

– Колледждің 2-курсында оқып жүріп, ішкі істер департаментінің қаржы бөліміне тәжірибеден өтуге бардым. Формаға ең алғашқы қызығушылығым сол жерде оянды. Жауапкершілігімнің нәтижесінде, оқу бітірген соң жұмысқа  шақырту алдым. Қолыма диплом алғаннан кейін келісімшарт бойынша қайнаған қазанның ішіне кіріп кеттім, – деп қызмет жолының басталуын еске алады.

1999 жылдан бастап полицей болған Меруерт Әбдіқадырқызы қызмет жолында мансап қумай, жұмысын тиянақты істесем болды деп ойлағанын жеткізеді. Содан болар 10 жыл бойы сержант болып, лейтенант шенін 2012 жылы алған.

20 жасқа қараған шағында тұрмысқа шығып,  бірінші әскери шенін келін болып жүрген кезінде алған. Қателесуге болмайтын ең негізгі жұмыстардың бірі қаржы саласында қажырлы еңбек еткен.

Бүгінде үйдің де, түздің де жұмысына қатар үлгеріп, ел алдындағы абыройлы міндеттерін адал атқарып, жас мамандарға үлгі болып жүр.

– Қауіпсіздікке, елдегі тәртіп пен тыныштыққа жауап беретін орган болғандықтан, әрине, жігіттерімізге артылатын жауапкершілік көп. Тиісінше, ерлер бір саты жоғары тұрады. Бірақ әйел кісілер де әлсіз емес. Ерлермен қатар жұмыс істейді. Жігіттер сыртқы жұмыстарға жауап берсе, біз ішкі тірліктерді реттеп отырамыз, – деп  Меруерт Әбдіқадырқызы сөзін қорытындылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру