Жетісу облысында оқиға орнында пайдаланатын жаңа криминалистикалық шатыр енгізілді
Жетісу облысында оқиға орнындағы құпиялылықты сақтау үшін криминалистикалық шатыр енгізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция департаменті полицейлердің жұмыс тиімділігін арттыруға және азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған жаңа жабдықты енгізіп отыр. Енді тергеу іс-шаралары мен бөгде адамдардың қатысуына шектеу қойылатын өзге де жұмыстар барысында қызметкерлер криминалистикалық жылдам жиналатын шатырды пайдаланатын болады.
Күрделі немесе қайғылы жағдайлар, кәсіби әрі этикалық тұрғыдан ерекше тәсілді талап етеді. Сондықтан жаңа бастама құқық қорғау органдарына сапалы және жедел жұмыс жүргізу үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, оқиғаға қатысушылар мен мән-жайлардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Шатыр сараптамалық-криминалистикалық, тергеу және жедел іс-шараларды өткізу кезінде жабын ретінде қолданылады. Оның құрылымы барлық ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Еден өлшемі кемінде 3,3 х 3,85 метр, ортасындағы биіктігі кемінде 2,25 метр, бұрыштарындағы биіктігі кемінде 1,85 метр болса, салмағы 20 келіден аспайды.
Қарапайым құрылымының арқасында екі дайындалған қызметкер шатырды 80 секунд ішінде орната алады, ал толық құрастыру уақыты 120 секундтан аспайды. Бұл төтенше жағдайларда да жылдам орнатуға мүмкіндік береді.
Шатырдың әр қабырғасында желдету мен шолу үшін терезелер бар. Жауын-шашыннан қорғау мақсатында арнайы желімделген тігістері бар жапқыш қарастырылған. Есігі найзағайлы сыдырмамен ашылады, ал қабырғаларында алыстан көрінетін “POLISIA” деген жарық шағылыстырғыш жазуы бар шеврондар орналастырылған.
Бұған дейін мұндай жағдайларда жай ғана маталар қолданылған, бірақ олар бөгде көздерден, әсіресе биіктіктен немесе көпқабатты үйлердің терезелерінен қарауға қарсы жеткілікті қорғаныс бере алмады. Ал жаңа шатыр мұндай тәуекелдердің алдын алып, тергеу іс-қимылдарын өткізуге этикалық әрі кәсіби жағдай жасайды.
Жетісу облысының полиция департаментінде атап өткендей, криминалистикалық шатырды енгізу – ішкі істер органдары жұмысының заманауи стандарттарына көшу жолындағы маңызды қадам. Бұл жерде тек тиімділік пен жеделдік қана емес, сонымен қатар азаматтардың жеке өміріне, адамдық қадір-қасиетіне және қауіпсіздігіне деген құрмет те басты орын алады.
