Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда мектеп оқушылары полиция қызметімен танысты

Атырауда мектеп оқушылары полиция қызметімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында Атырау облысы полиция департаментінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған "Ашық есік күні" өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, полиция қызметінің қоғамдағы маңызын түсіндіру және оқушылардың ішкі істер органдарына деген қызығушылығын арттыру болды.

Кездесу барысында жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері оқушыларды жылы қарсы алып, департаменттің құрылымы мен негізгі қызмет бағыттары туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Балалар ең алдымен полиция департаментінің мұражайында болып, ішкі істер органдарының тарихымен, ардагерлердің ерліктерімен және қызмет барысында пайдаланылған құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар олар жедел басқару орталығына барып, заманауи технологиялардың көмегімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету процесін көрді.

Шараның ерекше сәттерінің бірі — жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жаттығу көрінісі болды. Оқушылар полицейлердің кәсіби шеберлігін, батылдық пен дайындық деңгейін өз көздерімен тамашалады.

— Мұндай шаралардың басты мақсаты – балаларға полиция қызметінің мәнін түсіндіру, олардың бойында заңға құрмет пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, — деді Атырау облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасының аға инспекторы Қуандық Сүйіндіков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру