Қарағанды облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы мектепте батыр полицей Қайрат Хомутовтың есімі берілген "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылындағы орта мектепте қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты Қайрат Хомутовтың есімін ұлықтауға арналған тағылымды іс-шара өтті. Батырдың құрметіне білім ордасында "Жас сақшы" сыныбы ашылды.

Салтанатты рәсім Қайрат Хомутов атындағы сыныпқа қабылданған 6 "б" сыныбының оқушыларының ант беруімен басталды. Болашақ сақшылар ел мен жер алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, адалдық пен тәртіпті ту етіп, Отанға қызмет етуге серт берді.
Іс-шара барысында Қарағанды облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков сөз сөйлеп, жас буынды елжандылыққа тәрбиелеу ісінде мектеп ұжымының еңбегін жоғары бағалап, департамент бастығының атынан алғыс хаттар табыс етті.

– Біздің мектебіміз 1964 жылы іргетасы қаланған. Бүгін біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ерлік пен батырлықты дәріптеу мақсатында "Жас сақшы" сыныбын ашып отырмыз. Бұл – жас буынның бойында ұлттық рухты көтеріп, заң мен тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, – деді мектеп директоры Гаухартас Жамина.
Ант қабылдау рәсімінен соң сыныптың лентасы қиылып, Қайрат Хомутовтың рухына тағзым етілді. 2001 жылдың 9 мамырында қаруланған қылмыскерлерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенантының есімі – ерлік пен батырлықтың символына айналды.
"Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілері енді сабақтан тыс уақытта ішкі істер органдарының қызметімен танысып, тәртіп сақшыларының жауапты еңбегін үйренетін болады.

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Ант қабылдап, болашағымды полиция қызметімен байланыстыруға шешім қабылдадым. Бұл – менің өмірімдегі үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сәті, – деді жас сақшы Сағындық Құрмантай.
Салтанатты шараға батырдың жары Гүлнар Төлепқызы қатысып, жұбайының есімі ұмытылмай, оның ерлігіне тағзым еткен барша қауымға ризашылығын білдірді.
– Елім мен жерім Қайраттың ерлігін ұмытпады. Бұл құрмет – біздің балаларға, болашақ ұрпаққа бағытталған сенім мен үміттің белгісі, – деді ол тебірене.
