Абай облысында Ғазиз Байтасов атындағы “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды
Көкпекті ауданында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы “Жас сақшы” сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті Көкпекті ауданы полиция бөлімінің бастамасымен Үлкенбөкен орта мектебінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы “Жас сақшы” сыныбының ашылу рәсімі өтті.
Арнайы сынып — жас буынның бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және елге адал қызмет етуге тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Мұнда оқушылар үшін құқықтық тәрбие сабақтары, көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған тренингтер, сондай-ақ полиция қызметінің қыр-сырын танытатын танымдық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Салтанатты шара барысында “Жас сақшы” сыныбының алғашқы тәрбиеленушілері ант қабылдап, елге адал қызмет етуге, тәртіп пен заңды құрметтеуге арналған өз міндеттемелерін жария түрде білдірді. Бұл — жас өрендер үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи сәт болды.
Шараға мектеп ұжымы, оқушылар, жергілікті полиция қызметкерлері және ардагерлер қатысты. Ашылу барысында қатысушылар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске алып, жас буынды оның батырлық жолын үлгі етуге шақырды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бастама жасөспірімдер арасында отансүйгіштік сезімін, жауапкершілік пен тәртіпті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
