"Өмір – жылдамдықтан қымбат!": СҚО-да жол қауіпсіздігі апталығы ашылды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауқымды акцияның алғашқы іс-шараларының бірі Петропавлдағы №23 мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесу болды. Полицейлер балаларға жол қозғалысы ережелерін білудің маңызын түсіндіріп, "Есіңде сақта және ойлан" атты бейнероликтерін көрсетті, жол белгілері бойынша викторина өткізді.

Кішкентай көрермендер алдында мектептің жас жол инспекторларының үгіт бригадасы да өнер көрсетті. Іс-шара соңында қатысушылар "Мен өмірді таңдаймын" баннерінің алдында естелік суретке түсті.
Апта бойы полицейлер облыстың барлық оқу орындарында оқушылармен кездесулер өткізіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру науқандары ұйымдастырылмақ. Акцияға жас жол инспекторларының жасақтары белсенді қатысады.

Басты үндеу — жылдамдықты асырмау, мас күйінде көлік басқармау және жол-көлік оқиғаларына себеп болатын өзге де өрескел бұзушылықтарға жол бермеу.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында өткізіліп жатқан бұл іс-шаралардың басты мақсаты — қоғамның назарын жол қауіпсіздігі мәселесіне аударып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіп деңгейін арттыру, жол-көлік жарақаттануын азайту және жолда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
