Қызылорда облысында ҚАЖД қызметкерлері дабыл бойынша тексерілді
Қызылорда облысында ҚАЖД қызметкерлері дабыл бойынша тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін арттыру және жедел жағдайларда іс-қимыл дағдыларын тексеру мақсатында дабыл бойынша көтеру оқу-жаттығуы өткізілді.
Шара барысында мекеменің жеке құрам қызметкерлері белгіленген тәртіппен дабыл бойынша сапқа тұрғызылды. Тексеру кезінде қызметкерлердің дабыл сөмкелерінің толықтығы мен сәйкестігі, жеке құрамның қызметтік құжаттарының болуы, сондай-ақ нысанды киім-кешектің бекітілген талаптарға сай келуі мұқият қаралды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — қызметкерлердің төтенше жағдайлар мен күтпеген оқиғалар кезінде жедел әрекет ету қабілетін бағалау, сондай-ақ қызметтік дайындық деңгейін жетілдіру. Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай жоспарлы тексерулер жеке құрамның кәсіби тәртіптілігі мен жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етеді.
— Дабыл бойынша көтеру оқу-жаттығулары қызметкерлердің әрдайым дайындықта болуын, қызметтік міндеттерді нақты және жылдам орындау дағдысын қалыптастырады, — деді мекеме бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс.
Тексеру нәтижесінде жеке құрамның іс-қимыл тәртібі мен жинақылығы оң бағаланды.
