Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Астана – есірткісіз қала": елордада кең ауқымды профилактикалық акция өтті

Елордада полиция жастар арасында есірткі қаупінің алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы мақсатта Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен "Астана – есірткісіз қала" атты кең ауқымды акция өтті.

Кеңес құрамына танымал спортшылар, актерлер, өнер қайраткерлері мен блогерлер — жастар арасында беделге ие тұлғалар кіреді.

Шара барысында дәрігер-нарколог студенттерге психоактивті заттардың адам денсаулығына тигізетін зияны мен тәуелділіктің қауіпті зардаптары туралы түсіндірді. Полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тарату және қолданғаны үшін көзделген қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік туралы айтып, заңды сақтау мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Шақырылған спикерлер өздерінің өмір жолдары мен табысқа жету тәжірибесімен бөлісіп, бүгінгі жастардың спортта, өнерде және кәсіби салада өзін-өзі дамытуға кең мүмкіндігі бар екенін айтты. Сондай-ақ студенттерді болашағына нұқсан келтіретін зиянды әдеттерден аулақ болуға және өз әлеуетін пайдалы арнаға бағыттауға шақырды.

Акция аясында арнайы жасақ және кинологиялық қызмет өкілдері қатысушыларға көрсетілімдік нөмірлер ұсынып, өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетті.

Профилактикалық жұмыс бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері елордада жастармен 600-ден астам кездесу ұйымдастырылып, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен түрлі акциялар мен спорттық шаралар өткізілді. Сонымен қатар жастар белсенділерінің қатысуымен жүргізілген рейдтер барысында 2000-ға жуық есірткі жарнамасы жойылды.

Полиция департаменті "Астана – есірткісіз қала" кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырып келеді. Оның басты мақсаты — есірткі қылмыстарын болдырмау және жастар арасында профилактикалық мәдениетті қалыптастыру.

Есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес өз құрамын кеңейтіп, жаңа медиа тұлғалар мен пікір көшбасшыларын тарта отырып, жастар мен қоғам арасында салауатты өмір салты қағидаттарын насихаттауға үлес қосуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру