Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ашық есік күні ұйымдастырылды

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №45 мекемеде ашық есік күні ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Шараның басты мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы әріптестікті дамыту, сондай-ақ сотталғандарды еңбекке тарту арқылы олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.

Қонақтар мекеме аумағындағы өндірістік цехтарды аралап, сотталғандардың тұрмыс жағдайымен және өз қолдарымен жасайтын өнім түрлерімен танысты. Мұнда тігін, ағаш өңдеу және шаруашылық бұйымдарын шығару бағыттары белсенді түрде дамып келеді.

Мекеме бастығының айтуынша, еңбек – түзету процесінің маңызды бөлігі. Ол сотталғандарға жауапкершілік пен шыдамдылықты үйретіп қана қоймай, қоғамға қайта оралуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында мекеме мен жеке кәсіпкер арасында ағашты желімдеу өндірісін дамыту жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім жаңа жұмыс орындарын ашуға және мекеменің өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашады.

Бизнес өкілдері өндіріс деңгейін және дайын өнім сапасын жоғары бағалап, алдағы уақытта да өзара серіктестікті жалғастыру ниеттерін білдірді.

Осындай іс-шаралар қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік секторы арасындағы тиімді байланыстарды нығайтып, сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру