Талдықорғанда жасөспірімдерге бұрынғы есірткі таратушы өз оқиғасын айтып берді
Талдықорғанда жасөспірімдерге бұрынғы есірткі таратушы өз оқиғасын айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінде ерекше кездесу өтті. Шараның басты қонағы әрі ерікті – есірткі заттарын сату үшін сотталған, бүгінде жастарға өткеннің қателігін қайталамауға көмектесіп жүрген азамат болды.
Ол өзінің шынайы өмір тарихымен бөлісті – бір кездері қате таңдау оның бүкіл өмірін өзгерткен. Жеңіл табыс деп жүргенінде — еркіндігінен айырылып, өмірінің ең қымбат жылдарын жоғалтқанын айтып өтті. Қазір ол есірткіге қарсы белсенді қызмет атқарып, жасөспірімдермен кездесіп, тәуелділіктің ауыр салдарын түсіндіруде. Оның әсерлі сөзі оқушыларға ерекше әсер қалдырды – көпшілігі тынысын ішіне тартып тыңдады.
- Мен барымды жоғалттым. Енді сендердің ешқайсыларың менің қателігімді қайталамағандарыңды қалаймын, – деді ол жастарға еркіндік пен денсаулықтың, жақындарының сенімінің бағасын түсінуге шақырып.
Алдын алу іс-шарасын Жетісу облысының полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жетісу облысы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасының адамгершілік-құқықтық бағыттағы менторларымен және нашақорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, өмірін өзгерте алған адамдардың шынайы әңгімелері – алдын алудың ең әсерлі құралы. Мұндай кездесулер жасөспірімдерді дұрыс таңдау жасауға және өз болашағына саналы көзқараспен қарауға үйретеді.
Әрбір оқушы бұл кездесуден маңызды сабақ алды: салауатты өмір салты – зиянды әдеттерден бас тарту ғана емес, ол өмір мен еркіндікті таңдаудың белгісі.
