Жетісуда төрт адамды құтқарған полиция қызметкері марапатталды
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінде салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, полиция қызметкері Жақсылық Сәрсеновке Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық медалі табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жоғары марапат офицерге адамдардың өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, жанқиярлығы мен батылдығы үшін берілді.

Еске сала кетейік, биылғы 15 маусымда Алакөл көлінің жағалауында туристік маусым кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полиция майоры Жақсылық Сәрсенов пен Көктұма ауылының тұрғыны төтенше жағдайдың куәсі болған. Бір сәтке де кідірместен суға секірген полиция қызметкері ажал қаупінде қалған төрт адамды құтқарып қалды. Оның кәсібилігі, байсалдылығы мен батыл әрекетінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туды.
Бүгінгі марапат – сол ерлікке толы әрекеттің лайықты бағасы. Алайда офицердің өзі үшін ең үлкен марапат – аман қалған адамдардың өмірі.
Жыл сайын туристік маусым кезінде полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімшелерінің мамандары Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауында тәулік бойы кезекшілік атқарып, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар күрделі жағдайларда алғашқылардың бірі болып көмекке келіп, қажет болған жағдайда өз өмірлерін қатерге тіге отырып қызмет етеді.
Жақсылық Сәрсеновтің ерлігі – нағыз батырлардың арамызда жүргенінің айқын дәлелі. Олар марапат немесе даңқ үшін емес, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау үшін адал қызмет етеді.
