Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада қазіргі заман қаһармандары оқушылармен кездесіп, құқықтық сабақ өткізді

Астанада қазіргі заман қаһармандары оқушылармен кездесіп "Заң және тәртіп" құқықтық сабағын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада бейбіт күннің батырларын ұлықтауға арналған тағылымды іс-шара өтті. "Заң және тәртіп" идеологиялық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған "Қазіргі заман қаһарманы" республикалық акциясы елордалық жастарға ерлік пен патриотизмнің мәнін түсіндіруге бағытталды.

Акцияның басты мақсаты – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында ерлік пен жанқиярлық танытқан полиция және әскери қызметкерлердің еңбегін дәріптеу, жас буынды елге адал қызмет етуге тәрбиелеу болды.

Іс-шара барысында №16, №22 және №85 мектеп оқушылары полиция қызметкерлерімен және әскери қызметшілермен кездесіп, олардың қызмет барысындағы қиындықтар мен жауапкершілік жайында әңгімелер тыңдады. Сондай-ақ "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілеріне арналған "Заң және тәртіп" тақырыбындағы құқықтық сабақ ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде және Назарбаев университетінде қаһармандар мен студент жастардың қатысуымен диалогтық кездесулер өтті. Кездесу барысында қатысушылар қазіргі заман батырларының өмірлік ұстанымдарымен, кәсіби тәжірибесімен және елге қызмет ету жолындағы ерлік оқиғаларымен танысты.

Сондай-ақ Keruen ойын-сауық сауда орталығында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде ел қауіпсіздігі жолында жанқиярлықпен еңбек еткен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің суреттері мен олардың ерлік жолдары бейнеленді.

Акция аясында көрермендер назарына "Капитан Байтасов" көркем фильмі ұсынылды. Көрсетілімге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов, батырдың отбасы мүшелері және басты рөлді сомдаған актер Азамат Сатыбалды қатысты.

Іс-шаралар сериясы жастардың бойында елжандылық, батылдық және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталды. Осындай кездесулер арқылы жас ұрпаққа нақты өмір үлгісі арқылы "ерлік – елге қызмет етуден басталады" деген ұғымның маңыздылығы жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру