Маңғыстауда пробация қызметінің психологы сотталғандарға қоғамға қайта оралуға көмектеседі
Маңғыстауда пробация қызметінің психологы сотталғандарға қоғамға қайта оралуға көмектеседі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға психологиялық көмек көрсетуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың тұлғалық қасиеттерін түзету, қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және олардың өмірге деген жаңа көзқарасын қалыптастыру.
Пробация қызметінің инспектор-психологы Ақүлбір Өтегенова есепте тұрған азаматтармен жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Ол топтық және жеке кездесулер ұйымдастырып, түрлі психологиялық тестілер мен әдістемелер қолданады. Тренингтер барысында өмірлік жағдаяттар талқыланып, қатысушылар өз мінез-құлқын саралап, эмоциясын бақылауды және өз-өзіне сенімді болуды үйренеді.
Психологтың айтуынша, түзету жұмысының түпкі нәтижесі адамның ішкі өзгерісінен басталады.
Мысалы пробация есебінде тұрған азаматтардың бірі бастапқыда тұйық, ашушаң және сенімсіз болған. Бірнеше психологиялық кездесуден кейін ол өз өміріндегі басты мәселелерді түсініп, ашуын бақылауға және туыстарымен жылы қарым-қатынас орнатуға қадам жасаған. Бұл – тұлғаның оң өзгеріске бет бұрғанының айқын дәлелі.
— Біздің мақсатымыз – адамды жазалау емес, оның бойындағы жақсы қасиеттерді оятып, дұрыс жолға бағыттау. Пробация – бұл жаңа өмірге берілген мүмкіндік. Біз сол мүмкіндікті іске асыруға көмектесеміз, — дейді Ақүлбір Өтегенова.
Пробация қызметі басшылығының мәлімдеуінше, психологтың еңбегі – адам тағдырын түзетудегі маңызды тетік. Психологиялық қолдау адамның тұлғалық дамуына, қоғамға қайта бейімделуіне және өз-өзіне деген сенімін қалпына келтіруге ықпал етеді.
Осындай тренингтер мен кездесулер пробация жүйесінің басты қағидасын нақты дәлелдейді.
Аробация – бұл жазалау емес, тұлғаны түзету мен үмітке жетелейтін жол.
