Абай облысындағы учаскелік инспектордың қызметтегі бір күні
Халқы үш мыңға жуық Шүлбі кентінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде учаскелік полиция инспекторы Ерасыл Тоқтағанның еңбегі айрықша. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы бекітілген аумақта абыроймен қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшысы қазірдің өзінде әрбір тұрғынды жақсы таниды. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Шағын елдімекендегі учаскелік инспектордың жұмысы – тұрғындармен күн сайынғы тікелей байланыс. "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ерасыл Тоқтаған көшелер мен аулаларды аралап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдайды, өзекті мәселелерді анықтайды және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Аға лейтенант жұмысының маңызды бағыттарының бірі – профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен жүйелі кездесу. Ол оларға заң бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігін түсіндіреді, сот белгілеген шектеулердің орындалуын қадағалайды.
Кент көлемінің шағындығына қарамастан, жыл басынан бері мұнда 8 қылмыс тіркелген. Әрбір дерек бойынша учаскелік инспектор жедел әрекет етіп, қажетті шаралар қабылдайды және тұрғындармен тұрақты байланыс орнатады.
- Учаскелік полицейдің басты міндеті – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адамдарға жақын болып, олардың мәселесін тыңдау – біздің қызметіміздің негізгі қағидаты, – дейді Ерасыл Тоқтаған.
Тәртіп сақшысының күнделікті жүйелі еңбегінің нәтижесінде Шүлбі кентінде қоғамдық тұрақтылық пен сенімді жағдай сақталып отыр. Тұрғындар учаскелік инспекторына сенім артып, кез келген уақытта көмекке жүгінуге болатынын жақсы біледі.
