Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін анықтады

Түркістан облысында полиция табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 200-ден астам фактісін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының табиғатты қорғау және қару айналымын бақылау тобының инспекторы Ғалымжан Арыстанбекұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, 20 қазан мен 19 қараша аралығында браконьерлікті болдырмау, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымын анықтау және оның алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатқан "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

- Іс-шараның 22 тәулігі ішінде 2 қылмыстық құқық бұзушылық және табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 212 дерегі анықталды. Мәселен, Шардара ауданында құқық бұзушылардан 100 келіге жуық балық, үрмелі ескек, резеңке қайық және 300 метрге жуық тыйым салынған моноталшықты қытай ауы тәркіленді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді ол.

Сонымен қатар өңірде заңсыз балық аулаған 65 азаматқа шара қолданылған. Аңшылық және жануарлар дүниесін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 75 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тіркелмеген қаруды заңсыз иемдену, сақтау және алып жүру бойынша 24 қару тәркіленген. Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзған 47 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды.

Брифинг соңында инспектор облыс тұрғындарына "Браконьер" іс-шарасы 19 қарашаға дейін жалғасатынын ескертіп, өңірдің табиғаты мен жануарлар дүниесін қорғауға азаматтық жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру