Салауатты өмірді серік еткен Қараағаш ауылы
Ішімдіксіз өмір салтын берік ұстанған Қараағаш ауылында заң мен тәртіп әрдайым басты назарда. Мұндай қалыптасқан тәртіп пен тыныштыққа учаскелік полиция қызметкерінің тұрақты профилактикалық жұмысы мен тұрғындармен үздіксіз байланыста болуы айтарлықтай ықпал етіп отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңаарқа ауданына қарасты Қараағаш ауылы — соңғы жылдары салауатты өмір салтын берік ұстанып, ішімдіктен толықтай бас тартқан аймақ ретінде көпшілікке үлгі болып келеді. Ауыл тұрғындарының бұл бастамасы – тек ішімдіксіз орта қалыптастыру ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық тәртіпке және ауылдың әлеуметтік дамуына оң әсер еткен маңызды қадам.
Қараағаш – ғасырлар бойы тарихы терең, білімді азаматтарды, елге еңбегі сіңген тұлғаларды тәрбиелеп келе жатқан өңір. Бүгінде ауылдың жаңа бет-бейнесін қалыптастыруда тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігі ерекше рөл атқарып отыр. Жергілікті ақсақалдар кеңесінің ұсынысымен басталған бұл бастамаға бүкіл ауыл болып қолдау көрсетіп, қоғамдық орындарда, дүкендерде алкоголь өнімдерінің сатылмауы туралы ортақ шешім қабылдаған.
Қараағаш тұрғындарының айтуынша, ішімдіксіз өмір – тыйым емес, саналы таңдау. Бұл – ұрпаққа үлгі боларлық игі бастама. Қоғамдық келісімге негізделген мұндай тәжірибе көптеген елді мекендерге үлгі бола алады. Мұндағы тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігі ауылдың дамуына жаңа серпін беріп, оны Жаңаарқа өңіріндегі ең үлгілі ауылдардың біріне айналдырып отыр.
