Маңғыстау облысында сотталғандарға арналған ақпараттық кездесу өтті
Маңғыстау облысындағы №43 мекемеде жазасын өтеушілермен әлеуметтік бейімдеу тақырыбында кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеушілердің бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне жәрдемдесуге бағытталған кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара мекеме бастығының міндетін атқарушы Дамир Ахметбаевтың төрағалығымен өтті.
Кездесуге өңірдегі әлеуметтік қолдау саласында қызмет атқаратын мекемелердің өкілдері қатысып, мамандандырылған көмектің мүмкіндіктері мен тәртібі туралы кеңінен ақпарат берді. Олардың қатарында "РАЙ" дағдарыс орталығының директоры – Райхан Бекманова, арнайы әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары – Гүлбаршын Көшербаева, облыстық білім беру басқармасының психологиялық қолдау орталығының директоры – Айгүл Абиева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы – Қуаныш Мұхаммедмурат болды.

Кездесу барысында жазасын өтеушілер мамандарға өз сұрақтарын қойып, бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге қатысты толғандырған мәселелерін талқылады. Әңгіме негізінен жұмыспен қамту, жаңа мамандық меңгеру, әлеуметтік кепілдіктер, мемлекеттік қолдау шаралары және әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандарға босап шыққаннан кейінгі өмірге қайта оралу жолдарын түсіндіру, әлеуметтік қолдау тетіктерін таныстыру және олардың қоғамға бейімделуіне сенімді түрде қадам жасауына көмектесу.
Мамандар жазасын өтеушілердің сауалдарына жан-жақты жауап беріп, мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік қолдау бағдарламалары туралы толыққанды ақпарат ұсынды.
Мекеме басшылығының айтуынша, бостандыққа шығуға алдын ала дайындалу, кәсіби дағдыларды дамыту және мамандық игеру – қоғамға табысты бейімделудің негізгі шарттарының бірі.
