Жалған рұқсат қағазымен шекарадан өтпек болған әйел қоғамдық жұмысқа міндеттелді
Жалған рұқсат қағазымен шекарадан өтпек болған әйел қоғамдық жұмысқа міндеттелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының 47 жастағы тұрғыны шекара бекетін жалған рұқсат қағазымен кесіп өтпек болып, заң алдында жауап берді. Әйел Мақаншы ауданындағы шаруашылықтардың біріне жұмысқа орналасу мақсатында арнайы рұқсат құжатын қолдан жасап, шекарадан өтпек болған.
Сот үкімімен оған "құжаттарды қолдан жасау" бабы бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Сотталған азаматша Мақаншы аудандық пробация қызметінің есебіне қойылып, оған құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Жазасын өтеу үшін әйел ауылдық округ әкімдігіне аула сыпырушы ретінде жұмысқа орналастырылды.
Пробация қызметкерлерімен жүргізілген профилактикалық әңгіме барысында ол тұрмыста екенін және бес баланы тәрбиелеп отырғанын айтты. Балаларының үлкені – 21 жаста, кенжесі – тоғызда.
– Мен үлкен қателік жасағанымды түсіндім. Жалған құжат маған тезірек жұмысқа тұруға көмектеседі деп ойладым. Бірақ мұндай жолмен ешқандай жақсылыққа жету мүмкін еместігіне көзім жетті. Ендігі мақсатым – тағайындалған жұмысты адал атқару, балаларыма дұрыс үлгі көрсету және олардың сенімін қайта қалпына келтіру, – деді сотталған әйел.
Мақаншы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Данияр Танысбаев бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, пробацияның негізгі міндеті жазаны орындауды қадағалау ғана емес, сонымен қатар адамға өз әрекетінің салдарын түсініп, қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету екенін атап өтті.
– Бұл іс бойынша біз сотталғанның түзелуге, ресми түрде жұмыс істеуге деген ықыласын көріп отырмыз. Жаза өтеу кезеңінде оған барлық қажетті көмек көрсетіледі, – деді ол.
Пробация қызметінің айтуынша, мұндай жағдайлар азаматтарды заң талаптарын сақтауға және кез келген құжаттық рәсімдеуде тек заңды жолды таңдауға шақырады.
