Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында профилактикалық мақсатта студенттерге сотталғандармен телекөпір ұйымдастырылды

Павлодар облысындағы ҚАЖД-ға қарасты 45-мекемеде студенттерге қылмыстың алдын алу тақырыбында сотталғандармен телекөпір ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен 45-мекемеде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған сотталғандармен телекөпір ұйымдастырылды.

Кездесуге Жоғары инновациялық көпбейінді колледждің студенттері қатысты. Тікелей байланыс барысында сотталғандар өз өмір жолындағы қателіктері, жасаған әрекеттеріне деген өкініштері және олардың ауыр салдары туралы ашық әңгімеледі. Олар бір сәттік эмоцияға ерік беру немесе ойланбай жасалған қадам бүкіл тағдырды өзгертіп жіберуі мүмкін екенін ерекше атап өтті.

Телекөпір кезінде сотталғандар қылмыстың өз өміріне тигізген әсері, отбасынан жырақта болудың қиындықтары және осы жағдай олардың өмірлік құндылықтарын қайта бағалауға қалай себеп болғаны жөнінде бөлісті. Сонымен қатар олар студенттерді жауапкершілікке, заңды құрметтеуге және болашақтарын сақтауға шақырды.

ҚАЖД өкілдерінің айтуынша, мұндай форматтағы шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, қылмыстық жауапкершіліктің салдарын терең түсінуге және теріс ықпалдардан сақтануға мүмкіндік береді.

Телекөпір соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, екі тарап арасында ашық диалог орнады.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған осындай профилактикалық шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру