Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда ҚАЖД қызметкерлері студенттермен кездесті

Маңғыстауда ҚАЖД қызметкерлері студенттермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға құқық бұзушылық пен қылмыстың салдарын түсіндіру, заңды білудің маңыздылығын ұғындыру және саналы таңдау жасауға бағыт беру.

Шара барысында сотталғандардың шынайы өкініштері мен тағдырлары көрсетілген бейнеролик ұсынылды; қылмыстық заңнаманың негізгі нормалары түсіндірілді; лудомания, алаяқтық және интернет-алаяқтықтың белгілері мен зардаптары талқыланды.

Мамандар бір сәттік қателіктің адам өміріне қалай әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді. ҚАЖД қызметкерлері атап өткендей, қылмыс ешқашан мәселені шешпейді, керісінше, адамның еркіндігін шектеп, болашағына үлкен тосқауыл қояды.

— Негізгі назар – құқықтық сауаттылыққа. Заңды білу – бұл тек теория емес, адамға өз өмірін қорғауға мүмкіндік беретін маңызды құрал, — деді ҚАЖД сотталғандар арасында әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің бас маманы Қанат Қасымбеков.

Кездесу соңында студенттерге білімге ұқыптылықпен қарай отырып, өз болашақтарын заңды әрі адал жолмен құруға шақырған ізгі тілектер жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру