Алматыда полицейлер ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың жолын кесті
Алматыда полицейлер ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері зейнет жастағы азаматтарды нысанаға алған ірі интернет-алаяқтық схемасын әшкереледі.
Жедел іс-шаралар барысында халықаралық қылмыстық топтың тапсырмаларын орындап жүрген курьер ұсталды. Жас жігіт Қазақстанға телефон және онлайн-алаяқтық құрбандарынан алынған ақшалай қаражатты тасымалдау үшін келгені анықталды. Мессенджер арқылы байланысқа шыққан кураторының нұсқауымен курьер алаяқтардың арбауына түскен қарт әйелден кезекті "тапсырыс" алып үлгерген.
Өзін мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар"қылмыскерлерден қорғау" деген жалған желеумен әйелге бар жинағын "қауіпсіздік үшін" беру керегін айтқан.
Сенгіш зейнеткер алаяқтарға 30 мың АҚШ долларынан астам және 20 миллион теңге көлеміндегі қаражатын қолма-қол берген.
Полицияның жедел әрекеттерінің арқасында бұл қаражаттың әрі қарай тасымалдануы тоқтатылып, схеманың келесі буынына ақша жеткізбек болған тағы бір күдікті қолға түсті. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
– Алаяқтар әдейі осал топтарды таңдап, психологиялық қысым жасайды. Жедел шаралардың нәтижесінде орасан зор қаражаттың ұрлануына жол берілмей, ақшаны иесіне қайтаруға мүмкіндік туды. Қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырамыз. Ешбір мемлекеттік орган ақшаны “сақтауға алу” үшін талап етпейді және курьер жібермейді. Мұндай қоңыраулардың барлығы – алаяқтық, – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.
Тәркіленген қаржы толық көлемде иесіне қайтарылды. Полиция ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруді жалғастыруда. Полиция азаматтарға күмән туындаған бойда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға жүгінуді ескертеді.
