Ақмола облысында киберполицейлер мен болашақ заңгерлердің кездесуі өтті
Ақмола облысында киберполицейлер мен болашақ заңгерлердің кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде киберполицейлер мен болашақ заңгерлердің кездесуі өтті. Заң факультетінің 1 және 3 курс студенттері жастардың цифрлық сауатын арттыруға және олардың киберқылмыстарға қарсы тұру үшін құқықтық мәдениеті мен білімін қалыптастыруға бағытталған "Өзіңді, туыстарыңды және жақындарыңды алаяқтардың қулықтарынан қалай қорғауға болады" атты оқыту семинарына қатысты.
Өзекті, ең бастысы пайдалы ақпаратты жас әріптестеріне киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі майор Бекзат Назарова жеткізді. Семинар барысында спикер интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері, алдаудың заманауи схемалары, дербес деректерді қорғау тәсілдері және алаяқтардан қоңыраулар мен хабарламалар түскен кездегі іс-қимыл алгоритмдері туралы айтып берді.
Дроппер үшін қылмыстық жауапкершілік бөлігінде қолданыстағы заңнаманың практикалық мысалдарына тоқталып өтті. Семинарға қатысушылар жаңа теориялық білім алып қана қойған жоқ: оларға белгілі бір жағдайларда іс-әрекетке толық ұсыныстары бар брошюралар таратылды.
Семинардың өзі диалог форматында өтті, әр қатысушы өзін қызықтырған сұрағын қойып, пікірімен бөлісіп, өз бастамаларын білдіре алды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастарды ақпараттандыру үшін ғана емес, полицейлердің кеңестері болашақ заңгерлерге кәсіби тәжірибеде де пайдалы болатынына сенімді.
