Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізіп жатыр

Алматыда жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда әкімшілік полиция қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, жол-көлік оқиғаларын азайту және жалпы жол мәдениетін арттыруға бағытталған профилактикалық кездесулер өткізіп жатыр.

Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында ұйымдастырылған бұл кездесулерде полицейлер жиі тіркелетін апаттардың негізгі себептерін түсіндіреді. Әсіресе жүргізушілердің жеке тәртібі мен мінез-құлқына қатысты факторларға басымдық беріледі: жылдамдықты асыру, зейіннің төмендеуі, маневр жасау кезіндегі қателіктер, қиылыстар мен жаяу жүргінші өткелдерінен өту ережелерін сақтамау. Сонымен қатар апаттың алдын алу тәсілдері, көлік жүргізудегі жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыру жолдары кеңінен талқыланады.

Кездесулер барысында әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібі, жеңілдікпен төлеу мүмкіндіктері және заңды талаптарды уақытылы орындаудың маңыздылығы да түсіндіріледі.

— Профилактика — полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі, әсіресе ірі қала жағдайында. Біз “Заң мен тәртіп” қағидатын тұрақты түрде жүзеге асырып, жол-көлік оқиғаларын азайтуды оқыту, түсіндіру және барлық жол қозғалысына қатысушыларды жұмылдыру арқылы қамтамасыз етуге тырысамыз. Әскери қызметшілер — жауапкершілігі жоғары аудитория, ал осындай кездесулер олардың тәртібі мен жолдағы мәдениетін арттыруға ықпал етіп, тұтас мегаполистің қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді, — деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция профилактикалық жұмысты қаладағы барлық мақсатты топтар арасында жалғастырып, жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуді жүйелі түрде қолға ала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру