Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол апатының алдын алу: Қарағанды облысында қауіпті аймақтарға белгі қойылды

Қарағанды облысында қауіпті аймақтарға белгі қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров "Қазавтожол" қызметкерлерімен бірлесіп, облыс аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға кешенді тексеру жүргізді. Тексерудің негізгі мақсаты - жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігін бақылау, қысқа дайындық жұмыстарын қарастыру, жолдарды қардан тазалау және қолайсыз ауа райы кезінде олардың уақытылы жабылуын қамтамасыз ету.

Талдау нәтижесінде облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесінде жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетіні анықталды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері "Қазавтожол" мамандарымен бірге аталған учаскелерде заманауи технологияларды пайдалана отырып, арнайы ескерту белгілерін орнатып жатыр.

– Бүгін біз жолға жауапты мамандармен бірге тексеру жүргізіп, апат жиі болатын учаскелерге ескерту белгілерін орналастыру жұмыстарын қолға алдық. Республикада алғаш рет Қарағанды облысында жол шетіне қызыл жолақ белгісін салдық. Бұл белгі Қарағанды –Қарқаралы тасжолында орнатылды. Себебі дәл осы жерде бұған дейін екі көліктің қатысуымен ауыр жол апаты болып, бес адам қаза тапқан еді. Қызыл жолақ жүргізушілердің назарын аударып, әсіресе түнгі уақытта, сондай-ақ қар астынан да жақсы көрінеді. Жолақ жүргізілгеннен бері бұл учаскеде бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, - деді Жасқайрат Қайыров.

Сондай-ақ қыс мезгілінде жол қауіпсіздігіне аса назар аудару қажеттігін атап өтті. Қолайсыз ауа райында жолдың жабылуы, жүргізушілер мен жолаушылардың межелі жеріне қауіпсіз жетуі басты міндет болып қала береді.

– Осы мақсатта республикалық тасжолдарға үлкен ақпараттық экрандар орнаттық. Онда облыстың әр аумағындағы ауа райының жағдайы көрсетіліп тұрады. Мысалы, Теміртауда жол жабылса, кептеліс туындамауы үшін Балқашта да қозғалысты шектеу қажет болуы мүмкін. Бірақ ол жерде күн ашық болғандықтан, жүргізушілер тарапынан түсінбеушілік болмауы үшін экрандар арқылы нақты жағдай көрсетіліп отырады. Сонымен қатар біздің ұсынысымызбен республикалық жолдарға электронды жылдамдық белгілері де орнатылды. Жылдамдық режимі ауа райына байланысты автоматты түрде өзгеріп отырады: қолайсыз ауа райында 140 км/сағ жылдамдық 80–60 км/сағ деңгейіне дейін төмендетіледі. Себебі жолда көктайғақ немесе қар үйінділері болуы мүмкін, – деп атап өтті.

Мамандардың айтуынша, мұндай тексерулер мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру