Жастар арасындағы swatting: полиция жауапкершілік туралы ескертеді
Ішкі істер министрлігі жастар арасындағы киберқылмыспен, оның ішінде "swatting" деп аталатын (теракт, жарылғыш зат қойылды деген немесе өзге де төтенше оқиғалар туралы жалған хабарламалар) құқыққа қайшы әрекеттермен күрес мәселелеріне ерекше назар аударады.
Қоғамдық тәртіпті бұзуға және халықты үрейлендіруге бағытталған мұндай заңсыз әрекеттерді анықтау және жолын кесу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысқа, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттер арасында деструктивті интернет-трендтердің таралуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністері жедел-іздестіру шаралары барысында мектептер мен сауда-ойын-сауық орталықтарына жарылғыш зат қою туралы жалған хабарламалар таратқан адамдарды анықтап, ұстады.
Мысалы, ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы ІІМ киберполиция қызметкерлері Шешен Республикасының ІІМ-мен бірлесіп, Қазақстан аумағында теракт туралы жалған ақпарат таратқан Ресейдің кәмелетке толмаған азаматын құрықтады, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.
9 қыркүйекте Балқаш қаласында мектеп, сауда орталығы және тағы да басқа мекен-жайларға жарылғыш зат қойылғаны туралы 63 хабарлама жасаған 15-16 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды.
14 қазанда Қазақстан Республикасы ІІМ және Ресей Федерациясы ІІМ-нің Саха Республикасы бойынша бөліністері бірлескен операция жүргізіп, интернеттің ресейлік сегментінде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдар мен екі ел аумағындағы теракт туралы жалған хабарламалар таратқан Астана қаласының кәмелетке толмаған тұрғынын ұстады.
25 қазанда Ақтау қаласында Telegram мессенджері арқылы "Ақтау" сауда орталығына бомба қойылғаны туралы хабарлама жасаған 18 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
14 қарашада Тараз қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны құрықталды. Ол қаладағы мектептер мен сауда орталығында жарылғыш заттың қойылғаны туралы үш жалған хабарлама жасаған.
15 қарашада Ақтөбе қаласында кәмелетке толмаған бала үш мектепте теракт дайындалуда деген жалған хабарламаларды тарату күдігімен ұсталды.
20 қараша Астана қаласында WhatsApp мессенджері арқылы мектепте теракт дайындалуда деген жалған хабарламаларды таратқан жасөспірім анықталды.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
- Ішкі істер министрлігі "swatting" және төтенше жағдайлар туралы кез келген жалған хабарлама ауыр қылмыс болып саналатынын және 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын еске салады.
Ата-аналарды, педагогтарды және жастарды күмәнді интернет-трендтерге ермеуге және мұндай "әзілдердің" қоғамға да, жасөспірімдердің тағдырына да зиян келтіретінін ұмытпауға шақырамыз, - деді Аслан Өскембаев.
