Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті студенттермен телекөпір ұйымдастырды
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті студенттерімен телекөпір ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті "Заң мен тәртіп" идеологемасын ілгерілету шеңберінде жастар арасындағы қылмыстың алдын алуға және құқыққа қайшы әрекеттердің теріс салдарын түсіндіруге бағытталған идеологиялық жұмыс аясында заң факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Роман Темиргазинмен бірлесіп, "Alikhan Bokeikhan University" университетінің заң факультетінің студенттерімен телекөпір ұйымдастырды. Телеконференция барысында сотталғандар өздерінің өмірлік оқиғаларымен және қылмысқа әкелген қателіктерімен ашық бөлісті.
— Менің балалық шағым балалар үйінде өтті. Ата-анам туралы көп білмеймін: анам мен бес жасымда болғанда ата-ана құқығынан айырылды, ал әкем мен дүниеге келмей тұрып кеткен. Маған әрдайым жылулық пен қолдау жетіспеді, сондықтан балалар үйінен шыққан соң оларды мүлде дұрыс емес ортадан іздедім. Біз болашақ туралы ойламадық, жұмыс пен білімге ұмтылмадық, бәрі қолымыздан келетіндей көрініп, жеңіл әрі қате жолдарды таңдадық. Ал соңы мені осындай жағдайға алып келді.
Жастарға айтқым келетіні бүгін жасайтын таңдауың өміріңді анықтайды. Егер сол кезде болашағым туралы ойланғанымда, қазір тікенек сымның ар жағында емес, лекцияда отыратын едім. Жылдам шешім іздемеңіздер — кез келген қиындықты заңды жолмен жеңуге болады, — деді төрт жыл жеті айға ұрлық үшін сотталған 23 жастағы жазасын өтеуші.
Орташа қауіпсіздік мекемесінде есірткі заттарын тарату үшін жазасын өтеп жатқан 25 жастағы сотталған да өз тәжірибесімен бөлісті.
— Менің отбасым болды — әйелім және кішкентай қызым. Бірақ ақшаның тұрақты жетіспеушілігі мені қылмыстық жолмен ақша табуға итермеледі. Есірткі тарата бастадым, сол үшін жеті жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазір мен қандай үлкен баға төлегенімді түсінемін: еркіндігімді және жақындарымның жанында болу мүмкіндігінен айырылдым. Ешқандай "жылдам табыс" адамның өмірін құртуға тұрарлық емес, — деді сотталған азамат.
— Тең теңіне форматы жастармен жұмыста өте тиімді құрал. Жастар тек теориялық ескертулерді емес, нақты өмірлік оқиғаларды естігенде құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын әлдеқайда терең түсінеді. Біздің міндетіміз — құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастарға заңды жолдың әрқашан жалғыз дұрыс жол екенін ұғындыру, — деп атап өтті Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Колмакова
Кездесу барысында студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу идеологиясы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру қажеттілігі, әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және заңнаманы сақтауы жан-жақты түсіндірілді.
