Ақтөбе облысында полицейлер тұрғындардың түнгі тыныштығына бақылауды күшейтті
Ақтөбе облысында полицейлер тұрғындардың түнгі тыныштығына бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің аумақтық бөлімшелеріне күн сайын азаматтардан тұрғын үйде де, аулада да тыныштықтың бұзылуына байланысты шағымдар түсуде. Тәртіп сақшылары құқық бұзушы азаматтардың үйіне барып, заң талаптарын сақтауға шақырып, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Өңірдегі түнгі тыныштыққа бақылау күшейді.
Әсіресе шұғыл қажеттілікке жатпайтын, адамдардың қалыпты демалуына және тыныштығына кедергі келтіретін жоғары дыбысты жұмыстар жиі тіркеледі. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтарды анықтап шара қолдануда. Жұмыс күндері 22:00–09:00 аралығында, демалыс және мереке күндері 23:00–10:00 аралығында шулы жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
Жыл басынан бері тыныштықты бұзған 5 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды. Барлық құқық бұзушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция тұрғындарды тыныштық режимін сақтау — аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің маңызды шарты екенін еске салады.
